Владимир Соколин: Қазақстанның халық санағындағы тәжірибесі ТМД елдері үшін қызық боларына сенімдімін

12.10.2021 11:46 Қоғам 6283

ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің төрағасы Владимир Соколин «Халық санағы-2021» аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Қазақстанға сапармен келді. Мейманға ұйымдастыру шаралары туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов айтып берді, деп хабарлайды Mnews.kz тілшісі.

Владимир Соколин: Қазақстанның халық санағындағы тәжірибесі ТМД елдері үшін қызық боларына сенімдімін
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Маңызды шарада тұңғыш рет цифрлық технологиялар қолданылуда. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында азаматтарға санақтан онлайн режимде өту мүмкіндігі ұсынылды.

«Азаматтардың 37 проценті санақтан онлайн режимде өтті. 1 қазаннан бастап интервьюерлер үйлерді аралап, планшеттің көмегімен сауал сала бастады. Алғашқы 10 күннің қорытындысы бойынша интервьюер сауалдарына 1,5 миллиондай тұрғын жауап қатты. Біз санақты толығымен электронды форматта өткізуді қолға алдық», — деп атап өтті Нұрболат Айдапкелов.
«Қолға алынған шаралар сапалы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл бірінші кезекте мемлекет үшін аса маңызды. Цифрлық жолмен мәлімет жинау тәжірибесі сіздерде алғаш рет қолданылып отыр. Осы тәжірибе басқа да ТМД елдері үшін қызық боларына сенімдімін», — деді Владимир Соколин.

Халық санағы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Владимир Соколин Нұр-Сұлтан қалалық статистика департаментіне ат басын тіреді. Бұдан соң ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің төрағасы Байқоңыр аудандық әкімдігі ғимаратында орналасқан инструкторлық учаскеге барды. Мұнда жауапты уәкілдер мен инструктор-бақылаушылар жұмыс барысы мен туындаған мәселелерді қалай шешіп жатқандығы туралы толыққанды айтып берді.

Үйлерді аралауға шыққан интервьюерлер кей кедергілерге тап болуда. Мәселен, тұрғындардың кейбірі есікті ашудан бас тартып, онлайн өткендері оны дәйектейтін хабарламаларды көрсетуден де бас тартады екен.

«Бұл таң қалатын жағдай емес. Өзге елдерде де сондай тұрғындар кездеседі. Осы орайда интервьюерлер төзімді болуы керек деп ойлаймын. Ал азаматтар халық санағының маңызын түсінгені жөн. Себебі, ақпараттық базалар қанша дамыған болса да, халық санағы арқылы алынатын мәліметтердің теңдесі, баламасы болмайтынын жиі айту керек», — дейді Владимир Соколин.

Владимир Соколин сондай-ақ «Keruen city» сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан «санақ бұрышымен» де танысты. Айта кетейік, мұндай орындар ел аумағында халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпочта» филиалдары мен ірі сауда орталықтарында ашылған болатын. Қазір Қазақстан бойынша 3 мыңнан аса санақ бұрышы жұмыс істеп тұр. Онда азаматтар кеңесшілердің көмегімен санақтан онлайн өте алады.

Ұлттық статистика Бюросы белсенділік танытқан азаматтарға алғыс айта отырып, халық санағынан шет қалмауға шақырады. Қазақстанда әркім маңызды!

0 комментариев

Қазір оқып жатыр