Роза Бағланова бейнеленген коллекциялық монеталар шығады

30.12.2021 14:59 Мәдениет 4396

Қазақстан Ұлттық Банкі ROZA BAǴLANOVA 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Mnews.kz тілшісі.

Роза Бағланова бейнеленген коллекциялық монеталар шығады
Фото: ҚР ҰБ
«2022 жылы КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы, кеңестік, қазақ опера және эстрада әншісі Роза Бағлановаға 100 жыл толады. Осыған орай, номиналы 100 теңгелік мельхиордан жасалған монеталар «Аса көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясын жалғастырады», — деп жазды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.

Монеталардың аверсіндегі орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуы бар.

Монетаның реверсінде Роза Бағланованың портреттік бейнесі, портреттің сол жағында мерейтойлық күнді білдіретін 100 JYL деген жазу орналасқан. Монетаның айналдыра жағында «Ах, Самара-городок» туындысына нота, ROZA BAǴLANOVA жазуы, дайындалған жылын білдіретін «2022» жазуы орналастырылған.

Коллекциялық монеталардың салмағы 15 грамм, диаметрі 33 мм, сапасы brilliant uncirculated, номиналы 100 теңге, таралымы 15 000 дана мельхиор МН 25 қорытпасынан дайындалған.

«Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде аудару, бөлу және айырбастау үшін өздерінің белгіленген құны бойынша қабылдауға міндетті», — деп қосты ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.

Монеталарды сату күні туралы ақпарат ҚҰБ ресми сайтында орналастырылады.

0 комментариев

Қазір оқып жатыр