Қазақстандықтар медициналық сақтандыру төлемінің биыл тағы өскеніне наразы — ВИДЕО

15.01.2022 13:02 Репортаждар 4104

Бірінші қаңтардан бастап медициналық сақтандыру қорына аударылатын ай сайынғы міндетті төлем тағы өсті. Ал бұған наразы тұрғындар төлемнің өсімін құптамайтындарын айтады. Себебі, соған сай сапалы медициналық қызмет алмаймыз дейді. Бұл туралы «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп Mnews.kz тілшісі хабарлайды.

Биыл міндетті медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілер төлейтін жарна мөлшерін өскен. Бірақ жұмысшылардың жалақысынан ұсталатын жарна өзгеріссіз. Ал қалған санаттағы азаматтардың төлемдері ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткішке қарай төлейтін болады.

Дегенмен, тұрғындар МӘМС жүйесінің пайдасынан гөрі, кедергісін көп көрудеміз дейді.

Дәрігерлердің өздері емханаларда кезектің барын жасырмайды. Қазір елде жалпы тәжірибелік әрбір дәрігер жылына орта есеппен 1700 пациентке қызмет көрсетеді екен. Мұны олар білікті кадр тапшылығымен түсіндіреді. Сондықтан жекеменшік мекемелердің көмегіне жүгініп, шарт жасасуды көбейтетіндерін жеткізді.

“Кезектерді жою үшін біріншіден өз тарапымыздан дәрігерлердің білімдерін жетілдіру, содан кейн жан-жақтан мамандарды тарту, зерттеулерді өзімізде өткізу үшін және де қала бойынша, облыс бойынша субподряд мекемелерге қазір келісім шартқа отырып жатырмыз”, – дейді Қарағанды қалалық №4 емханасының бас дәрігері Серік Құлмағамбаетов.

Медициналық сақтандыру қоры биыл міндетті төлемді өсіргенімен, жүйені одан әрі қолжетімді ету үшін өзгерістер енгізбеген.

“Қазақстанда барлық жарналар мен айыппұлдар айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақы бойынша есептеледі. Жоғарыда айтып өткенімдей, кей санаттардың жарналары осы көрсеткіштердің өсуіне байланысты өзгеріп отыр”, – дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбідаев.

Айта кетейік, биыл медициналық көмекті қаржыландыруға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Оның 1,2 триллион теңгесі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 838 миллиарды сақтандыру пакетіне жұмсалады.

0 комментариев

Қазір оқып жатыр