Димаш Құдайберген қазақ тіліне қатысты мәлімдеме жасады — ВИДЕО

15.12.2021 12:25 Мәдениет 4641

Танымал әнші Димаш Құдайберген қазақстандықтарды қазақ тілін құрметтеуге және мақтан тұтуға шақырды, деп хабарлайды Mnews.kz тілшісі.

Димаш Құдайберген қазақ тіліне қатысты мәлімдеме жасады — ВИДЕО
Фото: Димаш Құдайберген

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында бейне хабарлама жариялаған. Ол кадрларда қазақстандықтарды мемлекеттік тілді бағалауға шақырады. Әнші азаматтардың ана тілінде сауатты, еркін сөйлеуін армандайтынын айтты.

«Қазақ тілі бізден басқа ешкімге керек емес. Қазіргі уақытта бірнеше тіл білу керек, бірақ қазақ бола тұра ана тіліңді білмеу – ұят», – деді Димаш Құдайберген.

Ол қазақ тілінде сөйлей отырып, өз отандастарына, туған тіліне деген құрметін білдіретінін баса айтты.

«Достар, жақында тіл төңірегінде сөз қозғаған бір жобаға осындай үндеу түсіріп берген болатынмын. Біздің жастарымыз тіліміздің таза болуына, өз жерімізде тіліміздің құнсызданып кетпеуі үшін еңбек ету керек деп ойлаймын. Қазақ тілімен қаруланған қандастарымыз, тілі біраз шорқақтау болып жүрген бауырларымыз қазақша үйреніп бастағанда қолдан келгенше қатесін түзеп жіберіп, көмектесіп, демеу беріп отырайық. Біз Қазақстан деп аталатын өз жерімізде, өз елімізде мемлекеттік тілде, яғни ана тілімізде сөйлеуіміз керек. Тілімізді мақтан тұтып жүрейік», — деп қосты әнші.

0 комментариев

Қазір оқып жатыр