«Аштық жариялаймыз!»: Қызылорда облысында айлық аз дейді мұнайшылар — ВИДЕО

24.12.2021 10:29 Репортаждар 4467

Қызылорда облысында орналасқан Қуатамлонмұнай компаниясында жұмыс істейтін 300-дей мұнайшы бір күн бойы жұмыстарын тоқтатып, наразылыққа шықты. Олар ең жоғары дегенде 130 мың теңге алатын жалақымызды 50 пайызға көтерсін деп басталатын бірнеше талап қойды, деп хабарлайды Mnews.kz тілшісі.

Қазір жұмысшылар шағымына орай, еңбек комиссиясы құрылыпты.

«Қуатамлонмұнайдың» ауыр жұмыс істейтін жұмысшылары түгел жиналып, кәсіпорынның спорт залында наразылық өткізді. Айтуларынша компанияда мұнайшыларға мүлде жағдай жасалмаған. Оның үстіне қысы-жазы далада жүріп бейнеттенетін жұмысшылардың жалақысы да өте аз дейді. Қымбатшылық күннен-күнге қысып бара жатса да, еңбекақымыз он жылдан бері өзгеріссіз деп қынжылды.

«Ешқандай құзырлы орган шеше алмай жатыр. Біздің тек талап ететініміз айлық мәселесі. Айлық солай тұр, нарық өсіп бара жатыр. Ешкімнің шамасы жетпей жатыр. Бәріміз қайту керек едік үйге. Бірақ амал жоқ тұрмыз осында», — дейді мұнай бұрғылаушы Алмат Тұрмаханов.

Барлығының басшылыққа қойған басты талабы, жалақыларын 50 пайызға көтеру. Сонымен қоса тәуелсіздіктің 30 жылдығына берілген сыйақыға да көңілдері толмайтынын айтады. Жиналғандар жағдай жасай алмаған жауапты қызметкерлер орнын босатсын деп талап етті.

«Жұмысшылардың киім алмауы. Киімдердің қысқартылуы, зимний киімнің қысқартылуы, летнийді өз уақытында алмауы. Бізге керек техникалардың уақытылы жетпеуі соның барлығына экономист кінәлі», — дейді мұнай бұрғылаушы Ерболат Сапаров.

Наразы топ бұл мәселемен құзырлы органдарға талай рет шағымдансақ та нәтиже жоқ дейді. Ал мұнайшылардың шағымына қатысты компания басшыларымен тілдесу мүмкін болмады. Бірақ еңбекті қорғау департаментіндегілер жұмысшылардың талаптарына байланысты екі жақты комисия құрылып, тексеріс бастадық дейді Қызылорда облысы еңбек саласын бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жапақов.

«Комиссия отырысы нәтижесінде жұмыс беруші нұсқасын хабарлады. 4-10 пайызға жалақыны 1 қаңтардан бастап көтерілетінін хабарлады. ҚР заңнамасына сәйкес қаралу комисиясы 7 күн деп белгіленген. Соған сәйкес осы күндері жұмысшылармен келісімге келетінін айтты», — дейді ол.

Ал жұмысшылар талаптарымыз толық орындалмаса, бір аптадан кейін аштық жариялаймыз деп хабарлады.

0 комментариев

Қазір оқып жатыр